«Үйде жатпа» күнтізбесі. 15 қаңтар: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 15 января, 2025


🗣Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 91 жылдығын атап өтеді. 1934 жылы 14 қаңтарда Қазақстандағы жетекші университеттің ресми ашылуы өтті. Бүгінде оның құрамында 16 факультет, 32 ғылыми-зерттеу институт пен орталық, технопарк бар. Білім ордасында 2 мыңнан астам профессор, доктор, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академик, Қазақстанның 40-тан астам еңбек сіңірген қайраткері жұмыс істеді. Университетте 25 мыңнан астам студент пен магистрант білім алады. 2024 жылы халықаралық рейтингте ҚазҰУ Орталық Азиядағы университеттер арасында ең жоғары рейтингке ие болды.

 

ҚазҰУ студенттері мен түлектерін альма-матердің туған күнімен құттықтаймыз!

✍️Бүгін Wikipedia күні аталып өтеді. 2001 жылдың 15 қаңтарында Уикипедия жұмысын бастады. Бұл — ақпарат көлемі мен түрлі тақырыпты қамтуы бойынша адамзат тарихындағы ең көлемді энциклопедия. Сайттың иесі америкалық коммерциялық емес ұйым — Wikipedia Foundation. Оның авторлары мен редакторлары дүниежүзінің 250-ден астам тілінде мақала жазып,  аударма жасаумен айналысады. Қазақша Уикипедия 2002 жылы ашылды. Мұнда әртүрлі тақырыпта 232 мыңнан астам мақала бар. Ал аталған көрсеткіш бойынша қазақша Уикипедия тіл бөлімдері арасында 40-орында тұр.

Ал сіз Wikipedia ақпаратын жиі пайдаланасыз ба?

👀15 қаңтарда бас киім күні аталып өтеді. Киім-кешектің бұл түрі бірнеше мыңжылдық тарихқа ие. Әр дәуірде бас киім арқылы адамның әлеуметтік мәртебесі анықталды. Алайда бас киімнің негізгі қызметі – қыста басты суықтан қорғау, ал жазда күннің аптап ыстығынан сақтау. Сонымен қатар тағы бір артықшылығы — ер адамдар таз екенін жасырса, әйелдер сәтсіз шыққан шаш үлгісін қалқалай алады.

Ал сізге бас киімнің қай түрі ұнайды?

👥15 қаңтар — қос тұлғаның туған күні. 403 жыл бұрын XVII ғасырдың француз комедиографы, классикалық комедияның негізін қалаушы әрі өз театрының актері Мольер (1622-1673) дүниеге келді. Оның «Тартюф» және «Дон Жуан» шығармалары бүгінгі күнге дейін әлемнің  барлық театрында сахналанып келеді. Өнер иесінің көптеген шығармасын Ғабит Мүсірепов қазақ тіліне аударды. Мольердің құрметіне орай Меркурийдегі кратерге және Францияның басты театр сыйлығына есімі берілді. Сондай-ақ 96 жыл бұрын қара нәсілділердің құқығын қорғаушы Мартин Лютер Кинг (1929-1968) дүниеге келді. Кинг азаматтық құқықты зорлық-зомбылықсыз қорғауды жақтады. Қауіп-қатерге қарамастан, ол АҚШ халқының кең қолдауына ие болған бірнеше ірі акцияны басқарды. Өкінішке қарай, қайраткер 39 жасында мергеннің қолынан қаза тапты. Ол дүниеден өткеннен кейін АҚШ Конгресі нәсіліне, дініне немесе ұлттық шығу тегіне байланысты кемсітуге тыйым салатын акт қабылдады. Кинг — Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты. Оның туған күні Америка Құрама Штаттарында федералды деңгейде аталып өтеді.