«Үйде жатпа» күнтізбесі. 16 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 16 февраля, 2025


🤩2005 жылы 16 ақпанда Киото хаттамасы күшіне енді. Бұл құжат қоршаған ортаны қорғауға бағытталған әлемдегі алғашқы жаһандық келісім болды және оны көптеген елдер қолдады. Хаттамаға сәйкес, өнеркәсіптік дамыған елдер атмосфераға бөлінетін белгілі бір газдардың көлемін азайтуға міндеттенді. Ол үшін олар экономиканың энергия тиімділігін арттырып, жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалануы тиіс еді. Алайда Үндістан мен Қытай бұл міндеттемелерді қабылдамады. Біраз уақыттан кейін Канада хаттамадан бас тартады. Ал Америка Құрама Штаттары қол қойғанымен, оны ратификациялауға келіспейді. 

😋16 ақпанда дәмді тамақтанғанды ұнататындар жаңа піскен ананас күнін атап өтеді. Ананас “жеміс пе, әлде жидек пе”  деген сұрақ төңірегінде әлі күнге дейін пікірталастар бар. Шын мәнінде, ананас – шөптесін өсімдік, ал ғалымдар оны «тропикалық жеміс» деп атайды. Ананастың отаны – Бразилия. Оның дәмін алғаш рет еуропалықтар Христофор Колумбтың экспедициясы кезінде татқан. Тропикалық жемістің дәмі ерекше жоғары бағаланып, еуропалықтар оны әлемнің ыстық аймақтарында өсіре бастады.

Сізге ананастың қай түрі ұнайды: жаңа піскені немесе консервіленгені ме?

👀2006 жылдың 16 ақпанында Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі ақын Мұхтар Шахановтың француз тіліндегі “Шыңғыс ханның пенделік құпиясы” атты драмасының тұсаукесері өтті. Бұл кітап 10-нан астам елде басылып шыққан. Аталмыш еңбегі үшін жазушы Халықаралық Калифорния ғылым, өнеркәсіп, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалімен марапатталады. Сондай-ақ Рим Папасы Иоанн Павел II оған хат жолдап, бұл поэтикалық романның гуманистік идеясын қолдайтынын білдірген.

 

👥16 ақпанда өмірге келген танымал тұлғалар. Бүгін диалектика теориясы бойынша қазақ философтар мектебінің негізін қалаған Жабайхан Әбділдин 92 жасқа толды. Ол «Танымның әмбебап формалары мен әдістерін логикалық талдау» ғылыми жобасы бойынша ғалымдар тобының жетекшісі. Мұсылман дінінің өзекті мәселелерін талқылауға қосқан үлесі үшін ол Сауд Арабиясы королінің халықаралық сыйлығының және басқа да көптеген беделді марапаттың иегері атанды.

Сонымен қатар бүгін америкалық актер Махершала Али 51 жасын атап өтеді. Ол “Оскар” мен Америка киноактерлері гильдиясы сыйлығын екі мәрте жеңіп алды. Қала берді BAFTA, “Алтын глобус” және Эмми сыйлығының иегері атанды. Өнер иесі мансап жолында 50-ге жуық фильмге түскен.

 

Сізге Махершала Алидің қай фильмі ұнайды?