«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 қараша: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 ноября, 2023


🐏Қарашаның үшінші жексенбісі —  Қазақстанның ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні. Бұл мерекені елдің шаруашылық қызметінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген агрономдар, бағбандар, комбайншылар мен тракторшылар, сауыншылар, аграрлық ғалымдар, шаруа қожалықтары қызметкерлері атап өтеді. Нақтырақ айтсақ, халықтың күн сайын тұтынатын тағамы мен оның сапасына жауап беретін мамандардың кәсіби мерекесі. 

 

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

👤19 қараша – Халықаралық ерлер күні. Бұл күннің мақсаты — ерлердің отбасы мен қоғамдағы рөлін ерекше атап өту. Сонымен қатар мереке ұлдар мен ерлердің денсаулығын сақтау, олардың әлеуметтік, эмоционалдық, физикалық және рухани салауаттылығын арттыруға, ерлер мен әйелдер арасындағы гендерлік қарым-қатынасты жақсартудың маңыздылығын еске салады. 

 

Ер адамдарды атаулы мерекесімен құттықтаймыз!

👩‍💻19 қараша — Халықаралық кәсіпкер әйелдер күні. Көптеген әйел тұрмыс құрғаннан кейін отбасылық өмірге толықтай бет бұрып, мансап жолын құрбан етіп жатады. Бірақ олардың арасында іскер, кәсіпкерлікке қабілеті бар, жаңа тауарлар мен қызметтерді жасауға икемді әйелдер қауымын ерекше атап өтуге болады. Мәселен, бүгінде еліміздегі жеке кәсіпкерлердің жартысы — қазақстандық әйелдер. Олар заңды тұлғалардың 30%-ын, ал шаруа қожалықтарының 25%-ын басқарады.

Барлық іскер әйелдерді мерекемен құттықтаймыз!

🚗Қарашаның үшінші жексенбісі – Дүниежүзілік жол-көлік апаты құрбандарын еске алу күні. Жол қозғалысынан туындайтын келеңсіз жайттар көп болғандықтан,  жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ережелерді қатаң сақтау талап етіледі. Қауіпсіздікті нығайту мақсатында іс-шаралар жүргізіліп, айыппұл мөлшері артқанымен, жолдарда төтенше жағдайлардың өсуі тоқтамай тұр. Өткен жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғасы салдарынан 19 511 адам зардап шегіп, оның 12 пайызы қаза тапты. Апаттың басым бөлігі Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында орын алады.

Жолда абай болыңыздар!