«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 декабря, 2023


🫲19 желтоқсан БҰҰ бастамасымен халықаралық кедейлерге көмек күні аталып өтеді. Мәліметтерге сүйенсек,  Қазақстанда кедейлік деңгейі биылғы жылдың бірінші тоқсанында 4,8 % болса, екінші тоқсанында 5,1% болып өсті. Елімізде кедейліктің ең жоғары деңгейі 9,7 %-бен Түркістан облысында тіркелген. 2022 жылы ең төменгі жалақы деңгейі бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан Кения мен Непал арасында 77-ші орында тұр. Бір өкініштісі, жағдайы төмен елдердің балаларында бай мемлекетте өмір сүретін  құрдастарына қарағанда табысқа жету мүмкіндігі төмен болады. Сондықтан кедейлікпен күресу адамзаттың басты мәселесі болып қала береді.

 

Ал сіз жағдайы төмен адамдарға қаншалықты көмек қолын созасыз?

🦵19 желтоқсан белсенді өмір салтын ұстанатындар скиппинг күнін атап өтеді. Әрбір адамның балалық шағында сүйікті ойындардың бірі секіртпеден секіру болғаны рас. Осы тұста фитнес жаттықтырушылары ересек өмірде де мұндай физикалық белсенділіктің көбірек болғанын құптайды. Бұл кардиоға арналған жабдықты толық алмастыра алады. Ал боксшылардың ең негізгі жаттығуларының бірі болып келеді. Сонымен қатар жеке спорт түрі ретінде де қарастырылады. 1997 жылдан бастап скиппингтен  халықаралық жарыстар өткізіліп келеді. Онда спортшылар өз дағдыларын жалғыз немесе 6 адамнан жинақталған командада көрсетеді. 

✍️2002 жылы 19 желтоқсанда АҚШ-тың Хьюстон қаласында тұңғыш қазақ мектебі ашылды. Бұл мектепте жас айырмашылығына байланысты екі  топқа бөлінген 20-ға жуық оқушы оқиды. Мысалы, 3-6 жастағы балалар «Балапан» тобында, ал 7-12 жастағы балалар «Тұлпар» тобында білім алады. Сабақ жексенбі күні толық дайындалған сыныптарда өткізіледі. Мұнда оқушылар “Әліппе”, қазақ өлеңдері, мақал-мәтелдер, халық әндері мен билерін үйреніп, домбырада ойнайды. Өткен жылы Филадельфияда тағы бір қазақ мектебі ашылды.

👥19 желтоқсан өмірге келген танымал ер адамдар. 124 жыл бұрын қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Құдайберген Жұбанов (1899-1938) дүниеге келді. Ахмет Жұбановтың үлкен ағасы латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын дайындауға белсенді түрде қатысты. Теория құрып, қазақ тілі бойынша көлемді зерттеу еңбектерін жазды. Ағартушы Қазақ Ғылым Академиясының ұйымдастырушыларының бірі болды. Алайда Кеңес өкіметі қоғам қайраткерін тұтқынға алып, ату жазасына кесті. Ал 1957 жылы ақталды. Сондай-ақ бүгін неміс актері және кинорежиссер Тиль Швайгер 60 жас мерейтойын атап өтеді. Көпшілікке ол  “Гонщик”, “Бесславные ублюдки”, “Король Артур” фильмдеріндегі рөлімен белгілі. Қала берді ол әйгілі фильмдердің режиссері ретінде де танымал. Мәселен, «Босиком по мостовой”, “Красавчик”, “Красавчик 2” фильмдерін атап айтуға болады.