🗣22 қазан – Халықаралық кекеш адамдар күні. Дәрігерлер бұл аурудың пайда болуына және оның дамуына генетикалық ақаулардан бастап, адамның психо-эмоционалдық жағдайына дейінгі бірқатар мәселе себеп болуы мүмкін екенін айтады. Деректерге сүйенсек, әлем халқының шамамен 1%-ы кекештеніп сөйлейді. Алайда аталмыш ауру олардың әдемі сөйлеуіне, танымал болуына, тіпті өз саласында жетістікке жетуіне кедергі келтірген жоқ. Олардың қатарында: Демосфен, Исаак Ньютон, Уинстон Черчилль, Мэрилин Монро, Брюс Уиллис бар.
💃22 қазан — Халықаралық ер адамдардың жүйке жүйесін әйел тарапынан болатын зорлық-зомбылықтан қорғау күні. Көбіне юсе ер адамдар жұбайының наразылығы мен шағымдарының көп болатынын айтып, жанжал шығаратынын жеткізеді. Ғалымдар психологиялық агрессия физикалық зорлық-зомбылықтан да ауыр жарақат салатынын мәлімдеді. Үнемі қорлық көрсету ер адамды тек күйзеліске ұшыратады. Бұл олардың жігерін мұқалтып қана қоймай, бойындағы кемшіліктерінің артуына әсер етеді.
Сондықтан құрметті әйелдер, ер адамдарыңызға қамқор болыңыздар!
👀2019 жылдың 22 қазанында режиссер Рамазан Халиолланың “Домбыра” қысқаметражды фильмі Нью-Делиде өткен 8-ші халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінде “Үздік фильм” атанды. Фильмнің сюжеті домбырашы баланың өмірінен алынған үзіндіні баяндайды. Ол өз арманына бір табан жақындайтын маңызды сәтте концерттің алдында сүйікті аспабынан айырылып қалады. Айта кету керек, 2020 жылы “Домбыра” фильмі Испаниядағы кинофестивальде қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды.
👥22 қазан — екі шығармашылық адамның туған күні. 100 жыл бұрын Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов (1924-2022) дүниеге келді. Оның «Қан мен тер» трилогиясы және басқа да шығармалары қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосып, 30 шет тіліне аударылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол қазақ ПЕН-клубын ұйымдастырып, оның президенті болып тағайындалды. Сондай — ақ бүгін француз актрисасы әрі әнші Катрин Денев 81 жасын атап өтеді. Ол 1957 жылы алғаш рет кино экрандарда пайда болып, 90 фильмге түсті. Әлем бойынша көрермендердің сүйіктісіне айналған өнер иесі 40-тан астам беделді марапатқа ие болды. Соның ішінде Венеция кинофестивалінде кинематографқа қосқан үлесі үшін “Алтын арыстан» құрметіне ие болды.