«Үйде жатпа» күнтізбесі. 22 қыркүйек: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 22 Қыркүйек, 2023


👀1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ ССР-нің «Тілдер туралы» заңы қабылданды. Бұл сол кезде әлі егемендік алмаған Қазақстанның ана тілін білудің маңыздылығын жариялаған алғашқы құжаты болды. Мұнда қазақ тілі мәртебесіне ие болған “мемлекеттік тіл” ұғымы енгізілді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы тіл саясаты тұжырымдамасы мемлекеттік тіл арқылы барша қазақстандықты біріктіруге бағытталған.

Иә, тіл қай елде болмасын әрқашан қастерлі ұғым. Құрметті оқырмандар, ана тілімізді тек сауатты әрі еркін сөйлеу арқылы қорғай аламыз!

Ендеше Үйде жатпа ұжымы барша оқырманды Тілдер күнімен шын жүректен құттықтайды!

🕺22 қыркүйек Дүниежүзілік көліксіз жүру күні аталып өтеді. Бұл мерекенің мақсаты – қоғамдық көлікті пайдаланудың экологиялық пайдасын, сондай-ақ жаяу және велосипедпен жүрудің денсаулыққа тигізетін әсерін түсіндіру. Тым көп көлік Жер мен адам экологиясына үлкен зиян келтіреді. Дүниежүзінде күн сайын 3000-нан астам адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмса, өндіріс желісінен минут сайын автомобильдер шығады екен. Бүгінде аталмыш акцияға 35 ел 1500 қаладан 100 миллионнан астам адам қатысуда.

Сіз бір күніңізді көліксіз өткізе аласыз ба?

🐘22 қыркүйек әлемде екі жануардың мерекесі. Яғни, Дүниежүзілік пілдерді қорғау күні және Дүниежүзілік мүйізтұмсықтар күні. Мереке құрлықтағы ең ірі сүтқоректілер санының күрт азаюына алаңдаған экологтардың бастамасымен белгіленді. Адамның іс-әрекеті барлық жабайы жануарлардың табиғи мекендеу ортасын қысқартуда. Сонымен қатар алып жануарлардың да азу тістері, мүйіздері мен сүйектері үшін браконьерлік нысандар да көбейіп кетті.

Сізге қай жануар ұнайды: піл немесе мүйізтұмсық?

🥳22 қыркүйек екі танымал ер адамның туған күні. 115 жыл бұрын қазақ ақыны және аудармашысы Тайыр Жароков (1908-1965) дүниеге келді. Көптеген жыр жинақтың авторы қазақ әдебиетіне жаңашылдық енгізді. Нақтырақ айтсақ, қазақ поэзиясының тақырыптары мен формаларының ауқымын кеңейтіп, қазақ поэзиясының жаңаруына ықпал етті. Алматыдағы орталықтардың бірі ақынның құрметінғ орай аталған. Сонымен қатар бүгін итальяндық әнші, классикалық және танымал музыка орындаушысы Андреа Бочелли 65 жылдық мерейтойын атап өтеді. Лирикалық тенор альбомдарының 80 миллион данасын сатты. Оның әртүрлі топтан миллиондаған жанкүйері бар. Атап айтатын болсақ, президенттер мен діни қызметкерлер, актерлер мен үй шаруасындағы әйелдер. Андреа Қазақстанға бірнеше рет гастрольдік сапармен келді.