«Үйде жатпа» күнтізбесі. 25 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 25 Наурыз, 2024


🌚25 наурыз – БҰҰ бастамасымен құлдыққа ұшыраған және трансатлантикалық құл саудасы құрбандарын еске алудың халықаралық күні. Бұл күн құлдықтағы және құлдықтан азаттық үшін күресте қаза тапқандарды еске алу үшін трансатлантикалық құл саудасының жойылғанына 200 жыл толуына орай 2007 жылдан бастап аталып келеді. Әлемде құлдықты жойған соңғы ел 1981 жылы Мавритания болды. Десе де 2021 жылы әлемде заманауи құлдықтың 50 миллион құрбаны анықталды. Оның 28 миллионы мәжбүрлі еңбекпен айналысса, 22 миллионы еріксіз некеге тұрған.

 

💥1930 жылы 25 наурызда Алматы облысы Бәрібаев ауданы Бақалы ауылында (қазіргі Балқаш ауданы) Бәрібаев көтерілісі болды. Бұл Кеңес үкіметінің ұжымдастыру және қуғын-сүргін саясатына қарсылық таныту мақсатында ұйымдастырылды. Осылайша көтерілісшілер Бақалы коммунасын басып алып, ауылдық кеңесті таратып жіберді. Елден тәркіленген астық пен малды және басқа да дүние-мүлікті халыққа үлестірді. Бәрібаев көтерілісін кеңестік қауіпсіздік күштерінің қарулы отряды басып тастады. Нәтижесінде 29 адам өлім жазасына кесілді. 

🌝Бүгін тәтті әуесқойлары халықаралық вафли күнін атап өтеді. Көпшілікке белгілі әрі неміс тілінде “ұяшық, бал ұясы” деген мағынаны білдіретін алғашқы вафлилер Германияда XIII ғасырда дайындала бастады. Бүгінгі таңда тұтынушыларға тәтті вафлимен қатар салмасына әртүрлі ірімшік пен ащы тұздықтар да ұсынылады. Қазіргі уақытта ең танымал вафлилердің бірі – бельгиялық вафли. Олар классикалық десертті дайындау дәстүріне сүйене отырып, өзінің теңдесі жоқ дәмімен ерекшеленеді.

 

Сізге вафлидің қай дәмі ұнайды? 

🤩25 наурызда әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі Венеция күні тойланады. 421 жылы Солтүстік Италия тұрғындары батпақтар арасында қаңырап бос қалған аралдарда қала құрып, варварлардың шабуылынан құтылуға тырысты. Қала Адриатика теңізінің мүйістеріндегі 100-ден астам шағын аралында бой тепкен. Мұнда жолдар болмағандықтан, қайықтағы қозғалыс тек каналдар бойы арқылы жүреді. Бүгінгі таңда Венеция ірі туристік әрі ғылыми білім беру орталығы болып саналады. Қаланың сәулеттік келбеті Венециалық шағын мүйіспен бірге ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. 

Сіз әлемнің қай қалаларына барғыңыз келеді?