💐29 маусым — Халықаралық өнеркәсіптік дизайн күні. Бұл – ойлап қана қоймай, өзінің идеяларын шынайы өмірде іске асырып, қоғамға эстетикалық ләззат пен алуан түрлілік сыйлайтын мамандардың күні. Әсіресе, қазіргі таңда осы мамандардың заманауи көліктер мен жабдықтарды құрастыруда еңбек нәтижелерін көру қуаныш сыйлайды.
👤2007 жылы 29 маусымда құны 499 доллар болатын алғашқы iPhone сатылымға шықты. Мұны Стив Джобс үш өнімнің үйлесімі ретінде таныстырды. Атап айтатын болсақ, кеңэкранды сенсорлы iPod, революциялық мобильді телефон, интернет-коммуникацияға арналған жаңашыл құрылғы. Сол кездегідей, қазір де жаңа iPhone шыққанда дүкендердің алдында күндер бойы кезек күткен адамдарды көреміз. Time журналы сол жылы iPhone-ды “жыл жаңалығы” деп атады. Бүгінде бұл смартфон әлі де талғампаздықтың символы ретінде танылып, бәсекелестерден ерекшеленіп тұр.
Егер сізде де iPhone смартфоны болса, комментарийге лайк басып кетіңіз.
👀1964 жылдың 29 маусымында америкалық өнертапқыш Роберт Адлер теледидарды қашықтан басқаруға арналған алғашқы сымсыз пультті ойлап тапты. Оған дейін адамдар “Лентяй” деп аталған сымды пульттерді пайдаланып келген. Алғашқы құрылғылар тек теледидарды қосып-өшіруге және арналарды ауыстыруға мүмкіндік берді. 1970 жылдардың соңына қарай пульттер күрделене түсті: телетекст беттерін таңдау, дыбыс, жарық және түс қанықтығын реттеу сияқты қосымша функциялар пайда болды. Қазіргі таңда пульттер теледидарды ғана емес, бүкіл тұрмыстық техниканы басқаруға мүмкіндік беретін күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.
👥29 маусым — екі жазушының туған күні. 125 жыл бұрын француздың ұлы гуманист-жазушысы, эссеист әрі кәсіби ұшқыш Антуан де Сент-Экзюпери (1900-1944) дүниеге келді. Оның жарқын ғұмыры әдеби дарынының қалыптасуына зор ықпал етті. Әлемге әйгілі «Кішкентай ханзада» повесі – оның ең шоқтығы биік туындысы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде “Шайқасушы Франция” құрамында барлау тапсырмаларын орындап жүргенде, жау аумағына ұшқан сапарынан оралмай қалған. Бүгін қазақ жазушысы, ТМД Журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты Қайнар Олжай 67 жасқа толды. Ол халық арасында кең танымал ТВ-бағдарламалар мен “Бірінші” тарихи-деректі телевизиялық фильмінің авторы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 4 кітап шығарды.