«Үйде жатпа» күнтізбесі. 30 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 30 Наурыз, 2024


👥2001 жылы 30 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің “Болашақ” халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастық білім алушылардың мүдделері мен құқықтарын қорғап, еліміздің қоғамдық өміріндегі белсенділігін арттыруды өз мойнына алды. Бүгінгі таңда “Болашақ” бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам маман даярлықтан өтті. Олардың көпшілігін табысты адамдар деп атауға болады.

 

Егер таныстарыңыздың арасында “Болашақ” түлектері болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз! 

🤩30 наурызда қызықты күндердің бірі “саябақта серуендеу күні” аталып өтеді. Статистикаға сүйенсек, күйзеліс пен жағымсыз эмоциялар қала тұрғындарының жүйке жүйесінің тұрақты сипатына айналған. Ал зерттеулер табиғатқа жиі серуендеп шығатын жандар, өзгелерге қарағанда бақыттырақ болатынын дәлелдеді. Сонымен қатар дәрігерлердің айтуынша, күніне 30 минут жаяу жүру салмақ тастауға және иммунитетті көтеруге оң әсерін тигізеді. 

 

Сіздің қалаңызда серуендеуге болатын қандай саябақтарды ұсынасыз?

🔥2012 жылы 30 наурызда  Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ шығарған “Аңшы бала” фильмі Голливудта өткен International Family Film Festival халықаралық кинофестивалінде “Үздік шетелдік драма” номинациясы бойынша жүлдеге ие болды. Фильм сюжеті қалалық баланың оқиғасына негізделген. Ата-анасы Қамбарды жазғы демалыста атасы мен әжесінің ауылына жібереді. Мұнда ол ауылдың неше түрлі қызықты оқиғасына тап болады. Аталмыш фильм Қазақстан, Египет және Ресейдегі кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. 

 

Егер «Аңшы бала» фильмін әлі көрмеген болсаңыз, онда YOUTUBE-тен  тамашалауға кеңес береміз! 

✍️30 наурыз – Халықаралық қарындаш күні. Бұл құрал – қарапайымдылығы мен әмбебаптығының арқасында ғарышқа ұшып, ең биік тау шыңдарын бағындырып келді. Сонымен қатар дүниежүзіндегі шығармашыл адамдарды шабыттандырып, олардың сенімді серіктесіне айналды. Өйткені олар қалтаға тез сыйып кетеді және еш қуатсыз, WiFi немесе Bluetooth-сыз жұмыс істей береді. Сондықтан әрдайым шабыт іздеп, жаңа идеялар ойлап табыңыз. Ал кішкентай қарындашыңыз жоспарларыңызды жүзеге асыруға көмектеседі. 

 

Ал сіз «қарындаш» сөзі түріктердің «қара тас» сөзінен шыққанын білдіңіз бе?