Көшпелі қазақтың саудада қымбатқа бағаланған киім-кешегі туралы не білеміз?

Автор: редактор 19 Қыркүйек, 2022


💭 Мал өнімдерінен киім-кешек,үй заттары, тері, жүн, сүйек алынған. Қазақтар тері мен киіз өндеуді, оларды әр алуан түске бояуды жақсы меңгерді. Сонымен бірге, киіз бен былғарыға оюлар салу, құрақ құрау, өрнек салу техникасын шебер орындай білді.

◻️ Сол кездегі жазба деректер бойынша «Олардың шекпендері қойдың жүнінен тоқылып, әр түрлі түске боялды, олар тіпті атластан тоқылған шапандарға ұқсайды. Бұл шапандар Бұқараға да жіберілетін, олардың әдемі де жұқа болатындығы соншалықты, ол жерде бұларды атлас шапандардың құнындай бағаға сатып алады. Олардың жаңбырдан қорғанатын жамылғылары да дәл сондай жүн матадан жасалады, олардан мүлдем су өтпейді».

◻️ Қазақтар көктем, жаз айларында көбінесе көйлек, оның сыртынан бешпент, қамзол немесе шапан киді. Қыс айларында қойдың немесе түйенің жабағысынан қальщ матамен тыстап, кең тігілген күпі немесе тон, құлын терісінен тігілген жарғақ шекпен, қой терісінен түгін ішіне қаратып тіккен жарғақ шалбар пайдаланды. Аң терілерінен тігілген шекпендер, тондар, шалбарлар да болды.

◻️Қыста ұзын және жалпақ мандайшасы бар, мойынды түгел жауып тұратын желкелігі салынған шошақ тебелі тымақ киді. Бұндай бас киім елтеріден, түлкі және басқа да аң терілерінен тігілді. Жазғы ыстықга жұқа ақ киізден тігілген биік шошақ төбелі қалпақ киді. Айыр қалпақ деп аталатын қайырмасы бар және қайырмасы жоқ тілік қалпақ кең тарады. Қазақтарда аяқ киім түрлері де, оның ішінде ерлердің аяқ киімдері алуан түрлі болды. Көбінесе олар қонышы тізеден асып тұратын өкшесі биік етіктер, жылқының немесе өгіздің терісінен тігілетін, аң аулағанда киетін тұмсығы қайқы жұмсақ етіктер, атқа мініп жүруге ыңғайлы жеңіл етіктер, сондай-ақ ешкінің терісінен тігілген мәсі және қатқыл теріден кебіс киді.

◻️Әйелдердің киімі түрлі түсті матадан, жібектен, мақпал мен барқыттан тігілді. Киім үлгілері жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болды. Ұзатылмаған бойжеткен қыздар жас келіншектерден өзгеше жиегіне аң терісі тігілген әсем, шошақ үкілі бөрік киді. Жас келіндер алғашқы жылы тойға киген сәукелесін киіп жүрді. Бір жылдан кейін сәукелесін тастап, оның орнына желек тартты. Желекті тұңғыш баласын немесе екінші баласын туғанға дейін тақты. Отыз-қырық жастағы әйелдер кестелеп тігілген кимешек киді.