Несие, Көлік,Авиация. 20 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 Желтоқсан, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда табысы жоқ жастарға несие беруге шектеу енгізіледі.

Қазақстанда табыс көзін көрсететін құжаты жоқ жастарға несие беруге тыйым салынбақ. Бұл туралы inform.Kz мәлімдеді.

“Несие беру кезінде банк қарызды кімдер алып жатқанына қарауы керек. Онда тиісті тармақ ескерілген. 21-ге толмаған адам онлайн-кередит алу кезінде оны қай табыс көзі арқылы өтейтінін көрсетуі керек. Қазір ақшасы мен жалақысы болмаса да, бірнеше несие алып жатқан студенттер көп. Әрине, табыс көзі болмаса, несиені өтей алмайтыны түсінікті жағдай», – деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

Депутаттың айтуынша, студенттер бір несие алып, екіншісін жабуға пайдаланады.

“Бір несие алып, онымен екіншісін жауып тастайды. Осылай қарыздары жинақтала береді. Бұған жол бермеу үшін тиісті шектеу қарастырылған. Кірісті растайтын құжатсыз 21 жасқа толмаған адамға несие беруге тыйым салынады”, — деп түсіндірді Берік Бейсенғалиев.

Бүгін хабарланғанымыздай, Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

Табыс көзін көрсететін құжаты жоқ жастарға енді тыйым салынбақ. ☝🏻

2️⃣ Елімізде авиация мамандарын даярлау үшін қосымша гранттар бөлінеді.

Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде ұшқыштар, инженерлер және техникалық мамандардың жетіспейтінін алға тартты.

Соған байланысты ғылым және жоғары білім, көлік министрліктеріне азаматтық авиация саласында мамандар даярлау үшін қосымша гранттар бөлуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Ал көлік министрі Марат Қарабаев осы салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін жеткізді. Қазақстанда Орта Азия бойынша кадр даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Алайда академия түлектері халықаралық талаптарға сәйкес келмеуінің себебінен сұранысқа ие емес.

Ұшқыш боламын деген азаматтарға жақсы мүмкіндік👍

3️⃣ Алматыда қытай көліктері шығарылады.

Бұл туралы Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасындағылар хабарлады.
Кемінде 220 мың автомобиль шығаратын автокластерді қалыптастыру аясында жобалық қуаты 170 мың автомобильге дейін екі жаңа автомобиль зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жоба аясында оңтүстік астанада қытайлық Changan, Chery, Haval брендтерінің мультибрендті зауыты (жылына 90 мың автомобиль) және Orbis Manufacturing зауыты (жылына 80 мың автокөлік) құрылады. Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда экономиканы дамыту үшін жыл сайынғы өсімі 10 пайызды құрайтын инвестиция тарту жоспарланып отыр.

2024 жылы – 1,8 триллион теңге, 2025 жылы – 2,1 триллион теңге.

Индустриалды аймақты кеңейту 2025-2026 жылдары 230 миллиард теңгенің қосымша жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар Алматының экономикалық өсімін 2025 жылы 6,5 пайызға жеткізуге бағытталған.

Алдағы екі жылда Алматыда қытай көліктерінің өндірісі басталады. 📌 Қытай көліктері көңіліңізден шыға ма?