Несие, Курс, Алаяқтар. 24 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 24 Тамыз, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ 2023 жылы жастарға 29 миллиард теңге несие беріледі.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға жеңілдікпен шағын несие беру бағдарламасы аясында 2023 жылы 21-35 жаc аралығындағы азаматтарға бизнесті кеңейту үшін 29 миллиард теңге несие беріледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«21-35 жас аралығындағы азаматтардың 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алу мүмкіндігі бар. Егер жеке кәсіпкер мәртебеңіз болса, кәсіпорынды тіркеу мерзімі 5 жылға дейін болуы керек. Облыстың жас тұрғындары несие алу үшін сенімді деп танылған Аграрлық несие корпорациясына тиісті құжаттарды тапсыруы қажет», – делінген хабарламада.
Несиенің негізгі шарттары:
* микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін;
* микрокредиттің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңгеге дейін;
* номинал сыйақы мөлшері – жылына 2,5 пайыздан аспайды;
* кепілдіктің болуы;
* негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу үшін жеңілдік кезеңі 1/3 микрокредит беру мерзімінің ұзақтығынан аспауы қажет;
* Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес сенім білдірген агентке микрокредит алу үшін жүгінген кезде жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі бес жылдан кем кәсіпкерлер.

Микрокредит алу үшін құжаттарды тапсыру мәселесі бойынша Аграрлық несие корпорациясына жүгіну қажет.
2023 жылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша 5,3 мыңнан аса өтінім түскен, оның 3344-і мақұлданған.

Өз кәсібін ашамын деген жастарға керемет мүмкіндік болмақ!👍

2️⃣ Қазақстанда студенттерге жасанды интеллект бойынша курс оқу міндеттеледі.

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, болашақта жасанды интелектіні меңгерген мамандар сұранысқа ие болады. Ал игермегендер жұмыс орындарынан айырылуы әбден мүмкін. Сондықтан министр барлық жерде цифрлық сауаттылықтың болуы керегін айтады. Ол бір жылда әлемде үлкен өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Соған байланысты залық цифрлық емес, жасанды интеллект саласында сауатты болу керек.

Саясат Нұрбек қазіргі таңда Google компаниясымен бірлесіп, жасанды интеллект сауаттылығы жөніндегі курсты пысықтап жатқанын хабарлады.

Сіз бұл бастамаға қалай қарайсыз?🤔

3️⃣ Қазақстанда домофонды ауыстыруға қатысты алаяқтықтың жаңа түрі шықты.

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының мессенджерінде QR-код көрсетілген домофонды ауыстыру туралы хабарландырудың суреті тарап жатыр. Хабарламада QR-кодты сканерлеп, домофонның жаңа кілтіне тапсырыс беру үшін сайтқа өту керек екені жазылған. Алайда бұл алаяқтардың ақша ұрлау үшін ойлап тапқан жаңа әдісі болып шықты.
Тұрғындардың бірі үйінің кіреберіс есігінде ілініп тұрған осындай хабарландыруға алданып, ақшасынан айырылған.

«Әлеуметтік желілерде қолданушылар домофонды ауыстыру туралы басқарушы компаниялардың бірінің хабарландыруын таратып жатыр. Бірақ бұл хабарландырудағы ақпарат жалған. Осы сияқты хабарландыруларда көрсетілетін QR-кодты сканерлемеңіздер және күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіздер. Ең дұрысы, домофонды жөндеумен айналысатын қызмет көрсетуші компанияға хабарласып, анық-қанығын білу», – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Тәртіп сақшылары соңғы уақытта осыған ұқсас хабарландырулар көрші елдерде де белсенді тарап жатқанын атап өтті.

Сақ болыңыздар!📌