Телефон, Қазахфильм, Ғарыш. 28 шілденің топ жаңалықтары

Автор: редактор 28 июля, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қарағанды тұрғыны телефонына екі қосымша орнатып, 11 миллион теңгеден айырылды.

Бұл туралы polisia.kz мәлімдеді.

«Шахтада жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта мен еңбек демалысында жүрмін. Үйде отырғанымда белгісіз біреу қоңырау шалды. Телефонды алып едім ар жағынан ер адам сөйлей бастады. Ол өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырды және менің жеке кабинетім бұзылғанын және алаяқты анықтау үшін менің көмегім қажет екенін айтты. Ол үшін ұялы телефонға екі бағдарламаны жүктеу керек. Мен оның кеңесі бойынша осы бағдарламаларды орнаттым. Содан кейін банктің қауіпсіздік қызметкері менің барлық деректерімді нақтылау қажет екенін айтты. Мен жеке куәлігімді, банк картасын суретке түсіріп, оған жібердім. Сосын ол маған алаяқты ұстап алу үшін мен несие алуым керектігін айтты. Қауіпсіздік қызметкері қазір маған банк менеджері қоңырау шалатынын ескертті. Шынында да, екі-үш минуттан кейін әйел қоңырау шалып, менің деректерімді нақтылай бастады, содан кейін ол маған несие мақұлданбағанын айтты. Банктің қауіпсіздік қызметкері тағы да қоңырау шалып, маған банк картасын ауыстыру керек дейді. Ол үшін ертең сағат 11.00-ге дейін айтылған банкке келіп, жаңа карта жасауым керектігін ескертті. Осымен әңгіме аяқталды. Біраз уақыттан кейін мен ұялы телефонымның банк қосымшасын аштым. Қарасам еңбек демалысыма байланысты алған 600 мың теңгемнің жоғалып кеткенін байқадым. Сондай-ақ, менің атымнан 5 жыл мерзімге 6 миллион теңге несие рәсімдеген. Өзім депозит ашқан басқа банктен тағы да 5 миллион теңге несие алған. Мен алданғанымды түсініп, полицияға арыз жаздым, — деді жәбірленуші.

Дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сақ болыңыздар!☝🏻

2️⃣ Танымал актер Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» президенті болды.

Киностудия ұжымына жаңа басшыны мәдениет министрі Асхат Оралов таныстырды. Министр «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын үйлестіру абыройлы әрі жауапты міндет екенін айтты.

«Отандық киноөнерінің «қара шаңырағы» саналатын Қазақфильм ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта, модернизацияның 2 кезеңін бастау керек»,- деді Асхат Оралов.

Айтуынша, министрлік 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ке дейін ұлғайтуға ниетті. Бұл ретте прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ке дейін жеткізу көзделіп отыр.

Құтты болсын!😍👍

3️⃣ Түркістандық оқушылар ғарыш наносерігімен байланыс орнатты.

Түркістан қаласындағы оқушылар сарайында еліміздегі жалғыз спутниктік робот техникасы үйірмесі жұмыс істейді. Оған 30-ға жуық бала қатысса, басым бөлігі – қыздар. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Болашақ ғалымдар ғарыштағы наноспутникпен байланыс орнатып үлгерді. Олар өз жұмыстары арқылы ауа температурасы, қысым, ылғалдылық пен ауаның ластануы туралы мәліметтер жинады.

Жоба жетекшісі Еркін Ақтаевтың айтуынша, балалар теория арқылы нанотехнологияда микросұлбаларды құрастыруды үйренеді. Содан кейін олар арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы барлық қажетті ақпаратты енгізеді.

«Басты мақсат – ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай туғызу арқылы үдеріс барысында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, өз бетінше білім алуға құштарлығын дамыту, сонымен қатар көмек көрсету, бағыт-бағдар беру. Бұл үйірмеге 12 жастан асқан ғылымға, технологияға, техника мен математикаға қызығатын кез келген оқушы қатыса алады», — дейді ұстаз Еркін Ақтаев.

Айта кетерлігі, үйірмеге қатысушылар бір жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Өткен жылы атмосфераның жоғарғы қабатына 2 заманауи наноспутник ұшырылды. Салмағы 1-ден 10 келіге дейінгі шағын ғарыш аппараттарына бірнеше камера мен сенсорлармен жабдықталған. Осылайша, осы наноспутниктердің көмегімен атмосфераға қатысты бірқатар ақпарат алынды. Қазан айында олар жұлдызды аспанды зерттеуге көмектесетін тағы бір наноспутник құрастыруды жоспарлап отыр.

Тамаша!🔥