Құжат, Қызылша, Пикассо. 9 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 09 ноября, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Пикассоның “Сағат таққан әйел” картинасы 139 миллион долларға сатылды.

1932 жылы салынған картинада суретшінің сүйіктісі, француз моделі Мари-Терез Вальтер бейнеленген. Бұл туындысы өнер иесін басқа да үздік картиналар салуға шабыттандырды. Пикассо Вальтерді алғаш рет 1927 жылы Парижде кездестіреді. Ол кезде модель 17 жаста еді.

1966 жылы картинаны Базельдегі Бейелер галереясы сатып алды. Ал екі жылдан кейін “Сағат ұстаған әйел” туындысы әйгілі коллекционер Эмили Фишерге тиесілі болады. 50 жылдан астам уақыт сурет оның пәтеріндегі каминнің үстінде ілулі тұрды. Осы жылдың наурыз айында Эмили Фишер Ландау қайтыс болды. Ал Sotheby’s аукцион үйі оның коллекциясынан 120 жұмысты сату құқығын алды.

Әлемдік өнер туындыларына қызығасыз ба?😍

2️⃣ ДСМ басшысы қазақстандықтарға қызылшаға қатысты үндеу жасады.

Үкіметтің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда, сондай-ақ әлемнің көптеген елінде қызылша ауруына қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр. Инфекция жұқпалы және ол ауа тамшылары арқылы тез таралады. Соңғы екі айда елімізде сырқаттанушылар саны күрт өсті.

Биыл 13 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Оның 83 пайызы балалар, негізінен 5 жасқа дейінгілер. Олардың 70 пайызы екпе алмаған. Науқастардың арасында екпе алмаған ересектер де бар. Инфекцияның таралуының артуы салдарынан Қазақстанда қосымша жаппай иммундау жүргізу туралы шешім қабылданды.

Ол қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Министрдің айтуынша, вакцина жеткілікті.

«Вакциналау мәртебесі жоқ балаларға, инфекция ошақтарында болған ересектерге екпе егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», — деді Ажар Ғиният.
Денсаулық сақтау министрі инфекциялық аурудың салдарын да назарға салды.

«Бүгінде қызылша вирусының өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан құтылудың жалғыз жолы екпе егу болып отыр. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген. Біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз», — деп түйіндеді Ажар Ғиният.

Сақтанып жүріңіздер!🙌🏽

3️⃣ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин 7 құжатқа қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бірнеше келіссөз жүргізді. 📌

Олар: 

1. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына он жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі;

2. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары.

Сондай-ақ Ресей Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында келесі құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасында «Көкшетау», «Семей» және «Өскемен» жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары;
3. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы кеден қызметтері өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметінің 2024-2025 жылдарға арналған өзара іс-қимылы бойынша іс-шаралардың бірлескен жоспары;
4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті мен Ресей Федерациясы Федералдық еңбек және жұмыспен қамту қызметі арасындағы еңбек инспекциясы мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» мен «Информационное телеграфное агентство России» (ИТАР-ТАСС) Федералды мемлекеттік унитарлық кәсіпорны арасындағы ақпараттық серіктестік туралы келісім.