Табыс & Шығыс айдары
31 жастағы декреттегі ана ай сайын 1 млн теңге жинап жүр
💸 «Табыс & Шығыс» айдарында біз жасы, жынысы, мамандығы, тұрғылықты жері әртүрлі Қазақстан азаматтарының бір айда тапқан табысы мен шығынын есептейміз. Кіріс пен шығынды жатқа білу қаржылай сауатты арттырып, қарыздан құтылып, табысты болуға жетелейді.
🗣️ Сонымен, бүгінгі кейіпкеріміз – Асия Ибрахимқызы. Жасы 31-де, онлайн форматта адамдарға желі арқылы жеке брендін дамытып, қызметін сатуды үйретеді. Яғни, курс, марафон сату арқылы табыс тауып жүр. Сондай-ақ, ақылы жеке консультация береді. Қазір Алматы қаласында тұрады.
3 баланың анасы. Олардың біріншісі мектепте, екіншісі балабақшаға барса,кенжесі әлі жасқа толмаған. Жолдасы сату менеджері болып жұмыс істейді және қосымша онлайн дүкеннің иесі. Отбасының өз үйі және екі көлігі бар.
💰Отбасының бір айдағы табысы:
Курс сату арқылы – 2 000 000 теңге
Жолдасының табатыны –500 000 теңге
Қосымша онлайн дүкен – 500 000 теңге
Жалпы табыс – 3 000 000 теңге
💰 Отбасының бір айдағы шығыны:
Тамаққа кететін шығын – 200 000 теңге
2 көліктің жанармайына — 100 000 теңге
Коммуналды шығындар – 30 000 теңге
Балабақша төлемі– 100 000 теңге
Бала күтуші-көмекшіге беретін ақысы – 290 000 теңге
Жұмыс бойынша көмекшіге – 150 000 теңге
Балалар мен өзінің күнделікті қалта шығындары – 100 000
Сырттан тамақтануға – 100 000 теңге
Қыдыруға — 100 000 теңге
Йога, стречинг және сән салонына – 60 000 теңге
Алтын сандық(құрбылармен касса ойыны) — 200 000 теңге
Жоспарланбаған шығындар 100-200 мың теңге
Жинауға қалатын ақша – 1 000 000 теңге
Жалпы шығын – 1 500 000 теңге
Бір айдағы сальдо – плюс 1 000 000 теңге
🟢 Әсияның түсініктемесі:
Мен айналысатын инфобизнес саласында тұрақты табыс деген сөз жоқ. Себебі, қаражат сатып алушы санына байланысты әрқалай өзгере береді. Шамамен орта есеппен 2-3 млн арасында деуге болады. Жолдасымда да солай. Тұрақты бірқалыпты табыс деген ол белгілі бір мекеменің қызметкерінде ғой деп ойлаймын. Осыдан бір ай бұрын ғана біздің ай сайынғы шығынымыз 2.000.000 теңгенің үстінде жүр еді. Қазір үй алып, қызымызды мемлекеттік мектепке ауыстырғалы, шығын 500 000 теңгеге қысқарды. Өйткені бұрын ай сайын, пәтерақыға 350 000 теңге және ақылы мектепке 180 000 теңге төлейтінбіз. Кіріс пен шығын арасы + 1.000.000-2.000.000 арасында, яғни әр айда әр түрлі шығады. Жалпы, базалық қажеттіліктермен қамтамасыз ету толығымен жолдасымның мойнында. Байқағанымдай, соңғы екі жылдағы табыс 2-3 есе өскен екен. Оған үздіксіз іздену және білім мен әрекеттің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Биыл ай сайынғы табысымды екі есеге көбейтуді жоспарлап отырмын.
Отбасылық бюджетті табу мен жаратуды жолдасыммен бірлесе отырып, екеуара ақылдасып шешеміз. Яғни, барлығы ортақ шешімнің арқасында жүзеге асып жатыр. Ешкімге еліктемей, өз жолымызбен жүріп келе жатқан жайымыз бар. Бастысы, кірістен шығын асып кетпегені жөн. Кемі 10% болсын жинап отыру кімге де болсын пайдалы. Егер базалық шығыннан көбірек артылатын болса, 40-50%-ға дейін жинап отыру тіпті дұрыс іс. Солай ғана біз ірі көлемдегі қажеттіліктерімізді ала аламыз.
Ойламаған жерден келген шығындар ол бәрінде болып тұрады. Ол кезде қолымызда тұрған ақшадан төлеймізде, әрі оған жеңіл қараймыз. Егер жетпей жатса ғана, жинақтағы ақшадан алуға тура келеді. Мүмкіндігінше оған тиіспеген дұрыс деп ойлаймын. Қазір ақшаны ретімен және тиімді жұмсай білсең, бұл болашақтағы сапалы өміріңе жол ашады деген сөз. Айталық, біз үй мен көлік алу үшін 1-2 жыл ақша жұмсауды үнемдеп және ұдайы әрекет еттік десек болады. Жастарда қазір мүмкіндік көп. Қосымша табыс көздерін қарастыру өте маңызды. Мен қаржылық сауаттылықты үйретумен айналысатын маман болмағандықтан, тура менің айтқандарым 100% дұрыс дей алмаймын. Сондықтан, керегін алып, керек емесін сүзгіден өткізерсіздер.
Өз отбасыңыздың бір айдағы қаржылық картинасымен бөліскіңіз келсе, «Табыс & Шығыс» айдарының колумнисті Мөлдір Бегімбетке хабарласыңыздар: WhatsApp +7 775 609 75 45