Бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз

Автор: редактор 09 июня, 2025


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

Елімізде темекі бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін

Қазақстанда темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек бағасы қайта қаралуы мүмкін. Қаржы министрлігі темекі бағасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізуді көздеп отыр.

Министрлік әзірлеген бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қазір қоғамдық талқылауға ұсынылды. Құжатта сүзгісі бар және сүзгісіз темекілердің, папиростардың, сигариллалардың, сондай-ақ қыздырылатын табак өнімдерінің ең төменгі бөлшек бағасы нақтыланбақ.

Түсіндірме жазбада көрсетілгендей, бастаманың негізгі мақсаты — елдегі темекіге салынатын салық пен баға саясатын реттеу арқылы темекі шегу деңгейін төмендету және азаматтардың денсаулығын қорғауға үлес қосу.

Алайда бұйрық жобасында темекі өнімдерінің жаңа ең төменгі бағасы нақты көрсетілмеген. Еске сала кетейік, қазіргі қолданыстағы нормаларға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл сома 870 теңгені құрайды.

Егер өзгеріс қабылданса, темекі өнімдері тағы да қымбаттайтыны анық.

Қаржы министрлігі бұйрық жобасын әзірлепті📌

Қазақстанда қарыз және микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелеріне шектеу енгізілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бекіткен жаңа қаулы 2025 жылғы 16 маусымнан бастап күшіне енеді. Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары ЖТСМ-ді белгіленген шектен асыра алмайды.

Ресми мәліметте бұл өзгеріс қарыз алушыларды артық пайыздық жүктемеден қорғауға және несиелеу жүйесіндегі ашықтықты арттыруға бағытталғаны айтылған.

ЖТСМ — бұл тек пайыздық мөлшерлеме емес, сонымен бірге барлық қосымша төлемдер, комиссиялар, сақтандыру шығындары секілді міндетті төлемдерді қамтитын көрсеткіш. Ол несиенің нақты құнын толықтай сипаттайды.

Жаңа шектеулер әсіресе микроқаржы ұйымдарындағы тым жоғары пайызбен берілетін несиелермен күресу үшін қолға алынған. Мамандардың айтуынша, бұл қадам халықты қаржылық қауіп-қатерден қорғаудың маңызды бөлігі болмақ.

Тамаша!👍

Мектеп оқушыларын тамақтандырудың жаңа стандарты бекітілді

Мәзірде балалардың физиологиялық қажеттіліктері мен калория ескерілген.

«Сондай-ақ стандарт шағын жинақталған мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және қант диабеті, тамақ аллергиясы, целиакия ауруы, лактоза жеткіліксіздігі және басқа да аурулар сияқты ерекше диеталық қажеттіліктері бар балаларды тамақтандыруға қойылатын талаптарды қамтиды», — дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова.

Бұдан былай балабақшаларда, мектептерде, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ білім беру-сауықтыру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдері қолданылады.

Жаңа стандартқа сәйкес, диетада қант, тұз және май мөлшері едәуір азаяды. Ал құрамында табиғи емес өнімдер мен тұз бен қант көп болатын өнімдер, атап айтқанда, шұжық өнімдері, ысталған ет, қант қосылған шырындар, спредтер, дәм мен иісті күшейткіші бар өнімдер алынып тасталады. Соның орнына жаңа піскен көкөністер, жемістер мен табиғи өнімдердің үлесі артады.

Ас блогы жоқ шағын жинақталған мектептерде ыстық бутербродтан, ашытылған сүт өнімінен, маусымдық жемістерден және сусыннан (сүт, айран, итмұрын сусыны, кептірілген жемістер, жидектерден) тұратын ланч-пакеттер дайындалады.

Қазіргі кезде мектеп әкімшіліктерін, медицина қызметкерлерін, тамақтану қызметтерін жеткізушілерді және бракераждық комиссияның мүшелерін онлайн оқыту жүргізіліп жатыр.
Әзірленген мәзір санэпидбақылау комитетінің ресми сайтында орналастырылды және білім басқармалары мен бизнес субъектілерін хабардар ету үшін оқу-ағарту министрлігіне жіберілді.

Денсаулық сақтау министрлігі биыл жаңа оқу жылынан бастап күшіне енетін мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты мен көп нұсқалы үлгілік мәзірді бекітті📌

Жалған ақша жасаған қазақстандық Грузиядан экстрадицияланды

Күдікті жалған банкноттарды сақтағаны әрі мемлекет шекарасы арқылы өткізгені үшін айыпталып отыр.

«Ол 2024 жылы Түркия Республикасынан жалған банкноттарды әкеліп, Қазақстан аумағында өткізді деген күдікке ілінген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды. Осы жылдың мамырында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды», — делінген хаюбарламада.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Күдікті Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен экстрадицияланды‼️