🎉22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады.
🚕Бүгін — Халықаралық көлік жүргізушілері күні. 1907 жылы 22 наурызда Лондон көшелерінде арнайы есептегіштермен жабдықталған, адамдарды тасымалдауға арналған алғашқы көліктер пайда болды. Лондондық жүргізушілер есептегішті “таксиметр” деп атады. Француз тілінен «такс» — “алым” деген мағынаны білдірсе, грек тілінен “метрон” — “өлшеу” деген мағынаны білдіреді. Содан бері жеке қалалық көліктерді — такси, ал жүргізушілерді — таксист деп атай бастады. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 150 мыңға жуық адам такси жүргізушісі болып жұмыс істейді.
Таныстарыңыздың арасында таксистер болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз! 🎉
🌧22 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жер бетіндегі ең құнды табиғи ресурс Дүниежүзілік су күні аталып өтеді. Халық саны өсуіне байланысты адамдар тұтынатын су көлемі де артуда. Алайда дүниежүзінде тұщы сумен қамтамасыз ету қарқыны ұлғаймай тұр. Ғалымдардың айтуынша, тұщы суды ұтымды пайдаланбаса, 2030 жылға қарай әлем халқының жартысы су тапшылығы проблемасын бастан кешіруі мүмкін.
🎬129 жыл бұрын алғаш рет кинофильмнің көпшілік алдындағы көрсетілімі өтті. 1895 жылы 22 наурыз күні Парижде француз фотоөнеркәсібінің дамуына арналған конференцияда ағайынды Жан Луи мен Огюст Люмьер “Жұмысшылардың фабрикадан шығуы” фильмін көпшілік назарына ұсынды. Бұл 1 минутқа созылған ақ-қара таспадағы үнсіз фильм болды. Мұнда арнайы шақыртумен келген көрермендер жұмыс күні аяқталғаннан кейін қарапайым жұмысшылардың зауыттан шығып бара жатқанын тамашалады. Иә, фильм сюжеті қазіргі таңда бізге күлкілі болып көрінеді. Алайда сол уақытта бұл фантастикалық туынды еді.
⭐️22 наурызда — қазақтың екі атақты тұлғасының туған күні. 122 жыл бұрын ұлттық драматургияның негізін салушылардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ғабит Мүсірепов (1902-1985) дүниеге келді. Ол “Қыз Жібек” музыкалық драмасының, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” пьесасының, “Ұлпан” романының және басқа да атақты шығармалардың авторы. Жазушының шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің даңқын асқақтатты.
Сонымен қатар 75 жыл бұрын әнші, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов (1949-1992) дүниеге келді. Ол Құрманғазы атындағы консерваторияда “Халық әні” кафедрасының құрылуының бастамашысы әрі оның бірінші басшысы болды. Әнші алғаш рет Ақтамберді, Бұқар жырау, Шәкәрім шығармаларын орындады. Сонымен бірге ол “Ақылбайдың әні”, “Ғашықтың тілі”, “Махаббат әні” кітаптарының авторы.
Сіздің қалаңызда Ғабит Мүсіреповтің есімімен аталған қандай ғимараттар бар?🏛