Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Бүгін Астанада бес елдің президенті жиналған Түркі мемлекеттері ұйымның мерейтойлық X саммиті өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға арнайы келген мемлекеттер басшыларына айрықша ілтипат білдіре отырып, еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналғанына назар аударды.
“”Түркі әлемінің келешегі – 2040” атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет”, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.
Президенттің айтуынша, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн.
“Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз”, – деді Президент.
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтті.👍
2️⃣ Ердоған Тоқаевқа түркиялық TOGG автокөлігін сыйлады.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркияда шығарылған TOGG электромобилін сыйға берді.
Режеп Тайип Ердоған мемлекет басшысына жаңа электрокарды өзі таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін TOGG электромобилінің өндірісін табысты іске қосуымен құттықтап, елорда әуежайынан шығарып салды.
Керемет!😍 Ал сіз көлікті көрдіңіз бе?)
3️⃣ Өзбекстанда көп әйел алуды насихаттағандар енді жазаланады.
Әділет министрлігінің мәліметіне сай, заңнамаға енгізілген түзетулер көп әйел алуды насихаттау, АХАЖ-да ресми неке қимай «никох» рәсімін жасау, гендерлік кемсіту, сондай-ақ қоғамдық орында жеке басын анықтауға мүмкіндік болмайтындай дәрежеде жабық киім кигендерге қолданылатын жауапкершіліктерді қамтиды.
“Екі және одан да көп әйелмен бірге тұруды насихаттау, осы тұрғыда идея немесе үндеу тарату, сондай-ақ мұндай әрекеттерді қолдау 15-тен 30 базалық есептік шамаға (БЕШ) дейін немесе 4,950 миллионнан 9,9 млн сомаға дейін мөлшерде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алумен жазаланады”, — делінген Өзбекстан Әділет министрлігінің мәліметінде.
Некесі заңды тіркелмеген адамдар арасында, оның ішінде неке жасына толмағандармен отбасын құру бойынша діни рәсім жасағандарға 15-тен 30 базалық есептік шамаға дейін айыппұл салынады.
Гендерлік кемсітуді насихаттау, әйелдер мен ерлердің тең құқығын ашық түрде жоққа шығару, осы бағыттағы идеялар мен үндеулерді тарату 10-нан 20 БЕШ-ке дейін немесе 3,3-6,6 миллион сум айыппұлмен жазаланады.
Яғни, мұндай адамдарға жоғары мөлшерде айыппұл салынып, қамауға алынады.☝🏻