Табыс & Шығыс айдары

Автор: редактор 19 февраля, 2025


Табыс & Шығыс айдары

Мұғалім келіншек: Үнемшілдігімнің арқасында аз жалақыммен ірі қарыздарсыз күн кешіп жүрмін

💸 «Табыс & Шығыс» айдарында біз жасы, жынысы, мамандығы, тұрғылықты жері әртүрлі Қазақстан азаматтарының бір айда тапқан табысы мен шығынын есептейміз. Кіріс пен шығынды жатқа білу қаржы сауатын арттырып, қарыздан құтылып, табысты болуға жетелейді.

👩🏼‍💻Бүгінгі кейіпкеріміз – Ұлжалғас Төлебекова, 32 жастағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 8 жылдық еңбек өтілі бар маманның тұрақты орташа табысы бар. Тараз қаласында тұрады. 2 баланың анасы. Тұңғышы мемлекеттік ақысыз мектепте білім алса, екіншісі балабақшада. Жолдасы да тұрақты табыс тауып келеді. Шағын жеке өз үйі бар.

💰Отбасының бір айдағы табысы:

Жұмыстағы жалақы – 285 000 теңге
Қосымша табыс – жоқ
Жұбайының табысы — 160 000 теңге
Жалпы табыс – 460 000 теңге

📍Отбасының бір айдағы шығыны:

Азық-түлікке кететін шығын – 60 000 тг
Кредиттерді өтеу – 25  000 тг
Дәрі-дәрмекке шамамен —  10 000 тг
Жол шығыны – 5 000 тг
Балабақша төлемі – 8 000 тг
Күнделікті нанға кететін ақша – 500 тг
Коммуналды шығындар –  15 000 тг
Киім-кешек  — 20 000 тг
Той, туған күн шығындары –30 000-50 000 тг
Балалар мен өзінің күнделікті қалта шығындары – 1000 тг
Балаларға витаминдер алуға – 20 000-30 000 тг
Отбасы банкке депозит жинау – айына 10-20 мың тг
Сән салонына – 10 000 тг
Жалпы шығын – айына 200 мың тг
Бір айдағы сальдо – плюс 85 000-100 000 тг

🟢 Ұлжалғастың түсініктемесі:

Жоғары білімімнің арқасында нансыз қалған емеспін. Жалақы түскенде оның 70%-ға жуығы базалық қажеттіліктерге жұмсалып жатады екен. Сонда, айлығымыз-шәйлығымыздан артылмайды деуге болар. Меніңше, кейде күтпеген жерден артық шығын болады. Тұрақты түрде ақша жинап келесің, алайда жоспарсыз келген шығынды өтеуге кетіп қалып жатады. Жағдайға қарай әрқалай. Кейде қалыпты ақша жинауға болады. Жолдасым екеуіміздің айлығымыз екі уақытта түседі. Бұл да болса — көмек. Соның арқасында ақшасыз отырмаймыз. Кімдікі түссе де әуелі негізгі қажетке жөнелтеміз.  Дегенмен қазір бәрі қымбат. Мен өзім көрінген затқа ақша жұмсамаймын. Бұл өзімнен аяғаным емес. Маңдай термен келген қаражатты орынсыз дүниеге жұмсағанды құп көрмеймін. Ысырап пен көрсеқызарлықтың түбі адамды қарыздан қарызға жетелейді. Шүкір, үнемшілдігімнің арқасында аз жалақымен-ақ ірі қарызсыз күн кешіп жүрмін. Балаларымның денсаулығын нығайту мақсатында, тұрақты түрде дәрумендерге ақша жұмсайтын анамын. Бұдан бөлек, жеміс-жидек т,б пайдалы тағамдар дастарханымнан үзілген емес.  Баланы да міндетті түрде жоспармен дүниеге әкелемін. Екі ұлымның арасы төрт жас. Баланы жанұяның әлеуметтік жағдайына қарап өмірге әкелу де, қаржы сауаты деп айтуға әбден болады. Өйткені, кіріс пен шығысты есептейтін адам бұдан айналып өте алмасы хақ.

📞 Өз отбасыңыздың бір айдағы қаржылық картинасымен бөліскіңіз келсе, «Табыс & Шығыс» айдарының колумнисті Мөлдір Бегімбетке хабарласыңыздар: WhatsApp +7 775 609 75 45


Читайте по теме