Қаңлы мемлекеті теңгелерінде иконография қолданғанын білесің бе?

Автор: редактор 28 Ақпан, 2022


Осыған дейін қаңлы экономикасына қатысты ақпараттармен бөлісіп өткенбіз. Ал бүгін қаңлы ақшасындағы ерекшеліктерге тоқталамыз. ✅

▪️Қаңлы экономикасында қолөнер бұйымдарымен қатар шикізат өндіру шаруашылығы да жақсы дамыды. Ел тұрғындары өзін-өзі тұрмысқа қажетті заттармен толық қамтамасыз ете алған. Осылайша дамыған аймақтары тез арада қолөнер және сауда орталықтарына айналады.

◾️Ал ішкі сауданың дамуына сол дәуірдегі теңгелердің тұрақты шығып отыруы дәлел. Олар ақшасында иконографиканы дәстүрлі түрде қолданып отырған. Себебі бүгінде зерттеушілер мұндай мыс теңгелердің 1300-ден астам түрін анықтаған. Олардың ақшасы салмағына қарай ерекшеленген. Иконографикалық нұсқадағы ақшаларды таңбалардың бір үлгіде бейнеленуі мен теңге сыртындағы ертедегі бейнелер біріктіреді.
Әсіресе, негізгі үлгісі ретінде билеушінің қырынан бейнеленген портреттік бейнесін алған. Мұндай теңгелер Ташкент алқабынан табылған. Қаңлылардың кейіннен енген Юни деген шағын иелігі осында орналасқан. Ал атап өткен теңгелер үлгісі мерзімі бойынша біздің заманымыздағы III – IV ғасырлар деп белгіленеді. Алайда қаңлылардың теңгені ертеректе қолданғанына дәлелдер бар.

◾️В.М.Массон Грек-Бактрия билеушісі Эвкратидтің қаңлы теңгелерінің соғылуына ұқсас күміс теңгесін атап өткен. Бұл теңгенің мерзімі б. з. б. II ғасыр деп көрсетіледі. Ташкент теңгелеріне таңба біздің заманымыздағы I ғасырдан бастап соғылған.

◾️Сонымен қатар бір мезгілде қаңлы аумағында қытай теңгелері — у-шу пайда болады. Олар Отырар алқабындағы Мардан қорымының қабірлерінен табылды. Ал бұл алыс жерлермен сауда байланыстары жасалғанын дәлелдейді. Теңгелер Орта Азияға Шығыс Түркістан арқылы келген. Ферғанадағы үңгіп қазып жерлеген қабірлерден едәуір көп табылды. Олардың мерзімі б. з. б. II ғасырдан басталады.

◾️Қабірлерден табылған теңгелер тауар-ақша қатынастарының дамығанын дәлелдейді. Содан соң қаңлыларға қушандар мен сасанилердің күміс, мыс теңгелері келеді. Талас аңғарындағы Шоң-Қаңқа-1 қорымынан осындай екі теңге табылған.