Табыс & Шығыс айдарына:
Жұмысты сүйіп істесең, табыссыз қалмайсың: кәсіпкер ақшаны денсаулыққа зиян келтірмей табу керегін айтты
“Табыс & Шығыс” айдарында біз жасы, жынысы, мамандығы, тұрғылықты жері әртүрлі Қазақстан азаматтарының бір айда тапқан табысы мен шығынын есептейміз. Кіріс пен шығынды жатқа білу қаржылай сауатты арттырып, қарыздан құтылып, табысты болуға жетелейді.
Бүгінгі кейіпкеріміз – Гүлдана Әбілқасымова. Декретте отырған ана. 31 жастағы келіншек 3 баланың анасы. Жоғары білімі бар, екі мамандықтың иесі. Шымкент қаласында тұрады. Тұңғышы мемлекеттік мектепте білім алса, өзі жасқа толмаған баламен үйде. Жолдасы екеуінің отбасылық кәсібі бар. Сондықтан, Гүлдана үйде баламен отырса да, кәсіпті бірге жасасып, қаражат тауып отыр. Отбасының өз үйі және көлігі бар.
Отбасының бір айдағы табысы:
Жұмыстағы жалақы – 500 000 теңге
Қосымша табыс – 100 000
Жолдасының табатыны 600 000 теңге
Жалпы табыс – 1 200 000 теңге
Отбасының бір айдағы шығыны:
Азық-түлікке кететін шығын – 350 000 теңге
Кредиттерді өтеу – 110 000 теңге
Дәрі-дәрмекке шамамен — 15 000 теңге
Жол шығыны – 50 000 теңге
Күнделікті дүкенге ақша – 4000 теңге
Коммуналды шығындар – 60 000 теңге
Интернет төлемі — 8 000 теңге
Киім-кешек — 40 000
Балалар мен өзінің күнделікті қалта шығындары – 10 000 теңге
Кәсіптің айналымында жүретін ақша– айына 2-3 000 0000 теңге
Жалпы шығын – айына 650 000 мың
Бір айдағы сальдо – плюс айналымға қосылатын 500 000
Гүлдананың түсініктемесі:
Кәсібін дөңгелетіп отырған адам міндетті түрде ай сайынғы шығынды есептеп жүреді. Ал жаратуға жұмсалған қаражаттың есебін білу үшін, күнбе-күн кеткен ақшаны қағазға түсіріп жүру қажет. Айталық, “ұялы телефонымның абоненттік төлемі – 4700 теңге, етке – 20 000 теңге” деген секілді қасына қайда жұмсағанымды түртіп жүремін. Жазып жүру арқылы орынсыз шығыннан да аулақ боласың. Кәсіппен айналысатын адамның көпшілігі депозитке сақтап жинай алмайды. Себебі, артық ақшаның барлығы айналымда жүреді. Бұл жұмыстың тұрақты жүріп тұруы үшін керек. Отбасылық кәсіптен бөлек, өзім әлеуметтік желі парақшаларының жарнамасымен айналысамын. Бұл да, кеңсеге бармай-ақ қашықтан жасауға болатын жұмыс түрі. Кішкентай баласы бар адамға таптырмас мүмкіндік.
Ақшаның жеткілікті немесе керісінше болуы адамның көңіл-күйіне әсер етпеу қажет. Денсаулық ең үлкен байлық екендігін естен шығармағанымыз жөн-ау. Ол үшін ешкіммен жарыспай, өзгелерден өзіңді төмен санамай жүрген абзал. Адамды күйзеліске түсіретін нәрсе “қатарымнан қалып бара жатырмын” деген дегбірсіздік. Бойдағы қуатты оған емес, әрекет етуге жұмсау пайдалырақ болар. Әрі байыппен, бөтен ойларсыз тірлік қылу адамды шаршап шалдығу мен жалығудан сақтайды. Жұмысын сүйіп жасаған адам, ешқашан табыссыз қалмайды. Қарызға да кірмейді. Бұдан бөлек, кіріс пен шығысқа сауатты есеп жүргізу оңай болады деп ойлаймын. Ақшаны басқару дегеннің не екендігі де осы жерде айқындалып тұрған секілді.
Өз отбасыңыздың бір айдағы қаржылық картинасымен бөліскіңіз келсе, “Табыс & Шығыс” айдарының колумнисті Мөлдір Бегімбетке хабарласыңыздар: WhatsApp +7 775 609 75 45